Отырар ауданының әкімі Ерлан АЙТАХАНОВ: «ТУҒАН ЕЛІМЕ ДЕГЕН ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНЕМІН»

Өмір – теңіз, тасып ағып жатқан су секілді, зымырап өтіп жатыр. Уақыттың еншісінде тек адамзатқа сіңірген еңбегің ғана ел есінде қалады екен. Сол Кеңестік дәуірдің өзінде халықтың көңілінен шыққан, тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Қазақ елінің дамуына үлесін қосқан, айтулы азамат, сенатор Қуаныш Айтаханов есімін білмейтін қазақ баласы жоқ шығар, сірә! Иә, нар тұлғалы, парасатты азаматтың атқарған әрбір ауқымды ісі әр қазақ азаматының есінде мәңгі сақталады деп айтсақ, артық айтпаған болар едік. Көптеген ілкімді істердің бастамашысы, көштің ілгері басуына мұрындық болған осындай атпал азаматтың ізбасар тұяғы Ерлан Қуанышұлы да әке жолын қуды. Өйткені, ол да әкесіне ұқсап бағуды арман етіпті.

 maxresdefault

-Ерлан Қуанышұлы, өмірде өзіңізге өнеге болған, үлгі тұтқан әкеңіз Қуаныш Айтаханұлы Созақ, Сайрам, Отырар аудандарының әкімі қызметін атқарды. Бір жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінде болды. Сіз де әкеңіз өткен баспалдақтардан өтіп келесіз, ОҚО әкімінің орынбасары қызметінде бола жүріп, осы Отырар ауданына, туған жеріңізге басшы болып келдіңіз… Алғаш қандай сезімде  болдыңыз?

-Қуану сезімі болды деп айта алмаймын. Бір үлкен жауапкершілікті сезіндім. Қанша қызметте жүрсем де, бұрын-соңды аудан әкімі қызметінде болмағанмын. Осы уақытқа дейін жан-жақты  жұмыс істедім.  Ақыл айту оңай ғой, тапсырма беру оңай, соны өзің атқара аласың ба? Қаншалықты қолыңнан іс келеді? Ұйымдастыру жағынан тікелей халықпен тығыз байланысу, олардың өздерінен мұң-мұқтажын біліп, түсініп, тіл табыса отырып, үлкен жауапкершілікті сезіну өзім үшін бірінші орында болды. Бір жағы, бұл жерде әкем жұмыс істеп кетті ғой, көпшілік болған соң, ел іші әрқалай: «бұрын әкесі әкім болған, енді баласы келіп жатыр, ұлы қайтер екен?» деген сыңайда сынап қарайды. Міне, сол жағынан келгенде жауапкершілікті сезіне отырып, бар күшімді елге қызмет етуге салуым керек деген ой келді…

-Ел алдында жүрген тұлға болғандықтан, жұрт аузында сын-ескертпе, әртүрлі алып-қашпа, әңгіме-қауесет сөздер жиі айтылады. Жалпы, өзіңіздің тарапыңызға айтылған сөздерге қаншалықты көңіл аударасыз?

-Елдің өзіңе айтқан пікіріне, сын-ескертпелеріне мән беру керек деп ойлаймын. Бәріміз де адамбыз, пендеміз ғой… Өзіме берген бағаға да, сынға да, кеңестерге де құлақ түріп жүремін. Ескеремін. Елбасының, мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты, оны түсіндіру жұмыстары халыққа бірде жетсе, әртүрлі себептермен кейде жетпеуі мүмкін. Халықпен кездесу сәтінде немесе жеке қабылдауымда болған азаматтарды байыппен тыңдаймын. Осы күні көп пікірлер әлеуметтік желі арқылы да айтылады. Сондағы пікірлерді де қараймын. Себебі, заман талабы солай, оған да көңіл бөлуіміз керек. Халықпен байланысқа шығу үшін қалайда барлық тетікті пайдалану керек. Елдің пікірі өте маңызды, істеген жұмыстарың бойынша қаншалықты дұрыс бағытта келе жатсың, білгің келсе, мұндайда халық ашығын айтады. Дұрыс ісіңді дұрыс деп, бұрыс болса оны айтып, тіпті, «осылай болса, жарар еді» деп жөн-жобасын айтып қалады. Мүмкіндігінше елдің талап-тілегін, қолқасын, өтінішін қамтуға тырысамын.

-Ту сыртыңыздан айтылған сөздерді қалай қабылдайсыз?

-Бетке турасын айтқанды жақсы көремін. Тік мінездімін, әр адам өздігінше жеке тұлға ғой, мұным біреуге ұнайды, біреуге жақпайды. Кейде бірінші рет жүздесіп тұрған адаммен танысып тұрып, тіке айтып қалатын шақтарым болады. Жасырмаймын, соным үшін талай адамды ренжітіп те алғанмын. Бірақ, ол адам кейінірек мұнымды түсініп жатады. Әлдекімнің намысына тиіп немесе бәсін төмендету мақсатында емес, келіспейтін болсам, сол жерде айтып қалатын бұл мінезімді өзімді көптен танитын адамдар ғана түсініп бағады.

-Бірінші болып кешірім сұрай аласыз ба? Сондай сәттер болды ма?

-Әрине, болды. Кешірім сұрау… онда тұрған ешқандай айып жоқ деп ойлаймын. Мысалы, кінәлі болғандықтан емес, сол адаммен арадағы қарым-қатынас маңызды болғандықтан және сол достықты бағалайтындықтан кешірім сұрауың мүмкін. Кейбір жағдайда қарым-қатынасты сақтап қалу үшін де түсініспеушілік туындап қалып жатады.

-Демек, кешірімді тек жақын адамдардан сұрау қымбатырақ па?  

-Жоқ, ол жақын адам да, әріптестерің де болуы мүмкін. Мәселе тек жақын адамдардан ғана кешірім сұрау емес, бұл жерде жағдайға байланысты ғой… Әр адам қателесуі мүмкін, сосын уақыт өте келе ағат кеткеніңді түсінесің, жақын адам болсын, мейлі бөтен адам болсын, өзімді кінәлі сезініп тұрсам, кешірім сұрағанға асығамын. Мұндай кезде өзімді жайсыз сезінемін. «Мен осы жерде дұрыс істемедім-ау, қателестім, артығырақ айтып, ренжітіп қойдым» деп, өзім асыға кешірім сұрауға, тіл табысып кетуге тырысамын.

— Бала Ерлан қандай еді? Бүгінгі Ерлан қандай?

-Бүгінгі Ерлан тәжірибе жинады, әр адам жасына жас қосқан сайын қанаты қатайып,  өмірден көкейіне көп нәрсе түйген сайын өзгереді. Бұрынғы жас Ерлан емес, қазір біраз мәселені көрген Ерлан шығар деп ойлаймын.

— Бала кезде нені армандайтын едіңіз?

-Космонавт боламын деп армандадым. Біздің балалығымыз Кеңес дәуірінде өтті. Бүгінгі заманғы талаптарға қарағанда, құндылықтар сәл басқаша болды. Бала қиялымыз, арман-мақсаттарымыз да өзгеше болатын, сол кезеңдерде барлық бала нені армандады, мен де соны армандадым… Арман көп еді ғой…

— Есіміңізді кім қойған?

-Анамның айтуынша, көптеген танымал тұлғалар үйде қонақта болған. Солардың бірі Шәймерденов екен, есімімді сол кісі қойыпты. Анығын білмеймін, анам солай дейді.

-Сіз қандай бала болдыңыз? Тұйық, ашық, бұзық немесе  момын…

Бұзық болған жоқпын. Біздің кезімізде ұстазға артық әңгіме айтпағанбыз. Қазір теледидардан адамға деген құрметсіздікті, қадірсіздікті көресің… Әке-шешем: «ең алдымен Жаратушы, одан соң ұстазың қымбат!» деп айтып отыратын. Біз үшін ұстаздың айтқаны заң болатын! Мектепте спортпен шұғылдандым, қатарластарыммен төбелесіп те, шекісіп те қалатынбыз, бірақ ұстазға қарсы шығу, сабаққа бармай қалу деген болмайтын.

-Бала кезіңізде неден қорқатын едіңіз немесе кімнен?

-Жиен әпкелерім болатын, түс мезгілінде  ұйықтар алдын «қызыл қол» деген әңгімені айтып қорқытатын еді. Неге екенін білмейміз, бірақ содан қорқатынмын. Ал, мен үшін қазіргі  қорқыныш — ол сенімсіздік, адамға сенімсіздікпен қарау, сенімнен айрылу немесе сенімсіздік туғызу. Бүгінгі күні ауданда елу төрт мың бес жүз халық бар, ел маған сеніп отыр. Үмітін маған артып, нәтижесін де менен күтеді. Осы қасиетті халықтың сенімінен шығуды ойлаймын. Сол бағытта қолымнан келгеннің бәрін жасауға ұмтылып бағамын.

     -Ата-анаңыздың сізге жиі айтатын  қай сөзі есіңізде?

-Бала кезімнен әкем: «Бүгін бітіретін ісіңді ертеңге қалдырма!» дейтін. «Сабағыңды үлгеріп жақсыға оқы, мектептің үйірмелеріне белсенді қатыс» деуші еді. Қазіргі айтатын сөздері: «алдыңа келген адамды тыңдай біл, кішіпейіл бол!»… Менің жеке қабылдауыма көптеген тұрғын келеді, әрбірінде бір үміт… «Осы жолы мәселем шешіліп кете ме, мені қалай қабылдайды, сөзіме құлақ асар ма?…» деген күдік аралас оймен келеді. Тыңдаймын, қолымнен келсе істің бітетінін, шешілетінін айтамын, қолымнан келмесе, онымды да жасырмай айтамын. Әкем: «ашық айт, өтірік айтпа, қолыңнан келсе көмектес», — деп отырады.

-Өте жақсы, керемет. Ерлан Қуанышұлы, ата-анаңыздың сізге үлгі болған қандай үш қасиетін айта аласыз?

-Шындықты айтатын, бұл – бір. Екінші — қандай да бір шешім қабылдайтын кезде жан- жақты таразыға салатын, әділдігіне өзім де таң қалатын едім. Үшінші, патриотизмдік.   Осы қасиеттері маған ұнайды.

-Анаңыз қандай жан?

-Анам – ол анам. Анамды қатты қадірлеймін, ол кеңпейілді, мейірімді, осы күнге дейін әрқайсымызды уайымдап отырады. Жасы жетпіске келіп қалды. Кейде жаным ашиды, өзін қашан ойлар екен деп…

-Әкеңіздің танымал болуына анаңыздың қосқан үлесі бар деп айта аласыз ба?

-Тоқсан пайыз үлес — анамның арқасы. Себебі, әкем есімді білгелі қызметте жүр ғой. Әкем «бәріне өзім жеттім» демейді, «осы жұбайымның арқасында жеттім»,- деп айтады.

 -Ал, сіз ше, не дейсіз?

— Менде сондай болса екен деймін ғой… Олай айта алмаймын. Менің ол жеке пікірім,  менің анам сияқты адам сирек кездеседі.

-Бауырларыңызбен жиі көрісесіз бе, басқосуға уақыт табыла ма?

-Әрине, табамын. Жиі деп айта алмаймын, бірақ табуға тырысамын. Себебі бауырларым ғой, кейде ақыл-кеңесімді айтып, хал-жағдай сұрасып, бала-шағамен араласып дегендей… оған уақыт табу керек. Біз отбасында бір қыз, екі ұл бірге өстік.

-Отбасында бала тәрбиесінде  кім жауапты? Сіз бе, әлде жұбайыңыз ба?

-Екеуі де жауапты болу керек. Ата-ана бірдей жауаптымыз.

-Балалармен қайда барғанды жақсы көресіз, оларға қаншалықты көңіл бөлесіз? Кейбір ата-аналар уақыттары жетпегендіктен, тек материалдық мұқтаждықтарын ғана өтеп, ал баламен арада рухани байланыс болмай жатады?

-Баланы тек материалдық жағынан қамтамасыз етіп ғана қоюды мүлде түсінбеймін. Ол қандай тәрбие? Баламен барынша сырласу керек. Сосын Отан сүйгіштікке тәрбиелеу қажет.  Балаларға көп уақыт бөлсең, соғұрлым жақсы тұлға болып өседі.

-Өзіңіз балаларыңызға қандай сөзді жиі айтасыз?  

-Қанатты сөздерден тілге тиек етемін. Жақсы сөз айтып еркелетемін. Ұлдарымды «қырандарым» деп, ал қыздарымды «алтын қыздарым» деп еркелетемін. Мейірімділік беру керек. Ол қанша жаста болса да, жылы сөз айтып тұрған дұрыс. Үш ұл, екі қызым бар. Бір қызымды «алтын қызым», бірін «сары қызым» деймін.

— Өзіңіз қандай әкенің қатарына жатқызасыз? Отбасыңызда қаталсыз ба? Балаларыңызға қол жұмсаған кезіңіз болды ма, перзенттеріңізбен сырласасыз ба?

— Таяқтан гөрі сөзбен ұғындырғанды, кейбір кезде ашық әңгімелескенді құптаймын. Бала кезімде әкем сөккенде «олай айтқанша, сабап алғаны дұрыс еді», — деп ойлаушы едім. Сөз сүйектен өтеді. Ылғи да балаларыма түйінді сөзім арқылы санасына жеткізуге тырысамын. Ұру — ол тәрбие емес, одан қорытынды шықпайды. Балаларым есейіп қалды, қазір Астанада оқып жатыр. Олар студенттер.

-Мектеп бітірген кезде мамандықты өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде ата-анаңыздың ықпалы  болды ма?

-Мен өзім таңдадым, өзім дайындалдым. Мектепте жақсы оқыдым. «Алтын белгіге» бітіргенмін. Мәскеуде оқимын деген алдыма мақсат қойдым. Себебі, әкем мен анам Мәскеуде оқып, сол жақта отбасын құрды. Сол себепті, өзімді қатты дайындадым. Әсіресе математика, геометрияға көп көңіл бөлдім. Арыс қаласында оқыдым, сол мен оқыған мектеп қазір жоқ. Мәскеуге сегізінші сыныптан бастап дайындалғанмын. Ломоносов атындағы университетке түскім келді. Сол мақсатыма жеттім де…

-Қай пәнді жақсы көрдіңіз?

-Спорт, математика, тарих, қоғамтану болатын.

-Кластастарыңызбен қаншалықты көрісіп тұрасыз?

-Мен бес мектепте оқыппын, Шымкентте екі мектепте, Шардарада, Қазығұртта, Арыста білім алдым. Араласып тұрамыз, жақсы араласатын класстастарым Қазығұртта оқыған мектебімдікі… Себебі, бес пен сегізінші класта сол жерде оқыдым. Баланың қалыптасу кезеңі ғой, өтпелі кезең… Төбелес те болды, мақтаға бірге баратынбыз, көп жағдайлар сонда өтті.

— Сіз үшін халық алдында есеп беру деген не? Қағаз жүзінде есеп беруді қалай түсінесіз…

-Қағаз жүзінде есеп беріп, баяндамадағы цифрларды оқып беру дұрыс емес, әрине. Халық алдында есеп беріп, халық түгелдей теріске шығарып жатса, ол объективті емес. «Бәрі жақсы» десе, ол да жалған. Жұмыс болған соң, ескертпелер айтылу керек. Сын айтады, мен оған жауап ретінде рахметімді айтамын.

— Шаршағанды қалай басасыз? Спортпен шұғылданасыз ба, әлде табиғатқа шыққанды ұнатасыз ба?

-Жүгіремін… Шымкентте қызмет істегенде фитнеске баратын едім. Бассейнде екі сағат болсам, стрессімнің бәрі кетеді. Ауырмайсың. Стрессті алып тастау керек. Жағымсыздықты әркім әрқалай алып тастайды. Мен спортпен алып тастаймын. Жақсылап терлеу керек. Мұнда ауылдағы жағдай қаладағыдай емес, бірақ, дегенмен спорт зал бар, сонда барамын. Күреске қатысқанмын, кейбір кезде күресіп қоятын кездерім болады. Қазақша күреске жігіттерді шақырып, шеберлерімен күресемін. Уақыт болса, атқа мініп серуендегенді жаным сүйеді.  Тұлпарды өте жақсы көремін.

-Өмірде кімді пір тұтасыз? Кімге ұксағыңыз келеді?

-Абылай хан мен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын пір тұтамын.  Соларға еліктеймін. Себебі үлкен тұлға, тегін адамдар емес қой.

-Ұжымда қызметкерлеріңізге қандай талап қоясыз? Тапсырманы орындатуда қандай тәсілдерді қолданасыз?

-Алдымен көз жеткіземін, ол тапсырманы қаншалықты түсінді? Қойған мақсатымыз бір болуы керек. Берілген тапсырма сол кезде өз нәтижесін береді. Формальды түрде орындағанды жек көремін. Жалпы адамға сену қажет қой, мен сенгіш адаммын. Сол  сенгіштігім жақсы ма, жаман ба, білмеймін?… Маған тапсырма берсе, кез-келген нәрсені үлкен жауапкершілікпен орындап шығамын. Ол ата-анамның берген тәрбиесінің жемісі болса керек.

-Тиіп-қашып істеп жүрген қызметкерлер болады ғой, олармен қалай сөйлесесіз?

— Аудан әкімі қызметінде болғаныма екі жыл болып барады, қалыптасқан ұжыммен әрі қарай тіл табысып кету-менің мақсатым.  Басында байқадым, жаңа әкім келді, енді бәрін жұмысынан босатады деп ойлаған екен. Мені түсінген адам әрі қарай жұмыс істейді. Көреміз… сол жалқаулардың кемшіліктерін өздеріне айттым, ширау керектігін…

     — Адамның мінезі өзгеретініне сенесіз бе?

-Адамның әр түрлі мінезі болады, жақсы, жаман болуы тәрбиеге байланысты шығар деп ойлаймын.  Әрине, адамдарды дұрыс тәрбиелесе, жақсы болады. Жаманды жақсы етуге болады. Барлық адам қателеседі. Қателеспейтін адам жоқ.

     — Сіз адамдардың қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?

-Шындықты айту, өтірік сөйлемеу. Екі жүзді адамды жек көремін. Екі жүзді адам қауіпті адам. Ол сені жардан да итеріп жібереді.

     -Қанша шынайы досыңыз бар? Жан досыңыз бар ма?

-Он шақты бар ғой… Жетістігіме қуанады, мен үшін  уайымдайтын адамдар.

     — Соңғы сұрақ, ең алғаш қатты қуанған сәтіңізді еске түсіріп көріңізші…

— Екінші класта әкемнің маған сатып әперген велосипеді есімнен кетпейді. Бір күні аулада ойнап жүрсем, көрші баланың су жаңа велосипед теуіп жүргенін көріп, сондай қызықтым. Қолыма қалай қағаз алғанымды білмеймін, дереу «Скиф» деген атауын жазып алдым да, шұлығымның ішіне тығып қойдым. Содан әкемді күтіп-күтіп, ұйықтап қалыппын. Таңертең тұрсам, қағазым жоқ, әкем велосипед әкеліп тұр. Сол кезде алғаш және керемет сезімде болғаным жадымда қатты сақталыпты.

-Ерлан Қуанышұлы, алтын уақытыңызды бөліп, сыр-сұхбат бергеніңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін!

 

Сұхбатты жүргізген Алтынай МӘДЕНҚЫЗЫ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *