Шымкентте «Ontustik Tourism. Invest 2017» форумы өтті

Шымкент қаласында алғаш рет «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» халықаралық фестивалі аясында екі күндік «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік, инвестициялық форумы өтті. Форум жұмысына ҚХР Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары ДУ Цзян, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрайымы М.Мурзамадиева, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаев, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының төрағасы Р.Күзембаев, «Атамекен» ҰКП өкілдері, халықаралық және қазақстандық туроператорлар, инвестициялық компаниялар, туристтік ассоциациялар мен шетелдік және қазақстандық БАҚ жалпы саны 500-ге жуық адам қатысты.

Оңтүстік Қазақстан облысы, сондай-ақ облыс орталығы Шымкент қаласы —  Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқан. Соның нәтижесінде  шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс өркендеп, облысымыздың туристік тартымдылығы көбейіп, тамашалауға келуші туристер саны жыл сайын өсіп келеді. Сондай-ақ, өңіріміздің инвестициясы артып келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда туристік нысандар саны облыста 31 пайызға өсіп, 195-ті құрады. Оларда көрсетілген қызметтер көлемі 43 пайызға көбейіп, 1,7 млрд.теңгеге жетті. Осының нәтижесінде биыл Оңтүстік Қазақстан облысына 128 мың турист келсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға артқанын көрсетеді.

Сонымен қатар қалада Шымкентке келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 1, 2 және 3 күндік туристік маршруттар әзірленіп, аталған маршрутқа 84 тарихи-мәдени объектілер мен табиғи орындар енгізілгені белгілі болды.  Іс-шарада туризм саласындағы әлеуетті жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Сала мамандарының басы қосылған жиында сонымен бірге Ұлы Жібек жолында туризм индустриясын дамытудың өзекті мәселелері мен Жібек жолы бойындағы туристік өнімдерді дамыту, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және инвесторларды тарту жайы қаралды. Сондай-ақ, қатысушылар әлеуетті серіктестермен В2В форматында кездесулерге қатысып, отандық және халықаралық деңгейдегі сарапшылармен сұхбаттасты. Келуші қонақтар сонымен бірге Қазақстанның Жібек жолына арналған фотокөрме, «Silk Road Fair» туристік жәрмеңкесін тамашалады.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *