Шымкент қаласының бас жоспары талқыланды

Жуырда Шымкент қаласында кезекті қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға қаланың дамуына бей-жай қарамайтын тұрғындар көптеп қатысты. Күннен күнге көркейіп, ұлғайып, халық саны артып келе жатқан Шымшаһарды одан ары гүлдендіру үшін барынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

2012 жылы қабылданған Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес қаланың аумағы 117 гектарға ұлғайған. Ол 2002 жылғы жасалған бас жоспардан үш есе үлкен. Бүгінде бас жоспарға көптеген өзгерістер енгізілген. Соған сай қала қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді. Қаланың көркеюіне қомақты үлес қосатын «Шымкент сити» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Одан бөлек «Нұрсәт» шағынауданында аспанмен таласқан зәулім үйлер бой көтерді. Сондай ақ қаланың көркін ашатын әкімшілік-іскерлік орталығы салынды. Аталған жобалардың барлығы да қаланың көркіне көрік қосып тұр. Соңғы жылдары қалаға үш ауданнан 40-тан астам елдімекен қосылды. Күн санап қала халқының саны да өсуде. Осы егжей-тегжей жоспарды жасаушылардың айтуынша, жобада қаланың жан-жақты өсуі толығымен ескеріліпті.

Қоғамдық тыңдауға келген қала тұрғындары өздерінің ұсыныстарын да айтты. Оның барлығы да сіз бен біз тұрып жатқан қаланың бұдан әрі де гүлденсе деген ниеттен туған ақжолтай, ақжарма тілек. Шымкент қаласының бас жоспарын жасаған мамандардың айтуынша, 2050 жылы қала халқының саны 2,5 млн адамға жетеді деп есептелген. Жоспар бойынша әр шағынаудан, әр көшенің халқы санын, оның өсімін, көшелерді кеңейту, ауызсу, жарық, көгілдір отын жеткізу мәселелерін толық қарастырылғанын жеткізді. Жыл сайын өсіп, озық қалалардың көш басынан көрініп келе жатқан Шымкент алдағы уақытта да оң өзгерістердің арқасында керемет көркейері сөзсіз.

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *