Шымкентте жедел жәрдем ауруханасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Бүгінде Шымкент қаласында медициналық емдеу мекемелерінің қатары артып келеді. Мұның барлығы да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жасалып жатқан игі шаралар. Күні кеше Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жанынан 3 қабатты қабылдау-диагностикалық, реанимациялық ота жасау корпусы пайдалануға берілді. Жаңадан салынған корпус науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық техникамен және медициналық құралдармен жабдықталып отыр. Аурухана 2013 жылдан бастап инсульт кезінде бас миы және мойын қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасауға қол жеткізіп, сол уақыттан бері мұнда 630 ота жасалды. Бұдан бөлек қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы базасында 90 бүйрек пен 13 бауыр алмастыру оталары жасалды. Аталған жаңа корпус 2 жылда салынып, іске қосылып отыр. Бұл ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік, қабылдау және зертханалық-диагностикалық бөлімдері орналастырылса, екінші қабатында палаталар мен реанимация бөлімі, ал үшінші қабатта 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын гепатопанкреатобиларлық хирургия бөлімі орналастырылған. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы қала халқына тәулік бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсететін көпсалалы стационар болып табылады. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Орта есеппен олардың 70-90-ы ауруханаға жатқызылады. Емдеу мекемесі бойынша жыл сайын жүйелі түрде емдік іс-шаралардың инновациялық, жоғары технологиялық әдістері өндіріске ендірілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *