Танымалдар тарихы

 АҚШ-тың Детройт қаласында туылған Эшли Кволс есімді он төрт жасар қыз баланың өмір тарихын естігенсіздер ме? Ол ғаламтордағы әлеуметтік желілердің өзі кеңінен таралмай тұрған шағында-ақ, тіпті адамдар әлеуметтік желінің не екенін енді ғана ұғына бастаған кезде миллионер аталып, табысқа кенеле білген. Оқушы бола тұра өміріндегі кедейлікті жеңіп, 1 миллион долларға дейін табыс тапқан.  Ал, енді сол жетістіктерге шынашақтай қыз қалай жетіп жүр, соның сырына келейікші.

 

Оқиға былай өрбіген, Эшли әдеттегідей өзі құралпылас құрбылар ғаламторда сөйлесетін MySpace әлеуметтік желісі арқылы достарымен байланыс орнатады. Тіпті, ондағы жеткіншектер санының көптігі соншалықты, олар бір-бірінен қалайда ерекшеленуге, «қайтсем басқалардан басып озам» деген талпыныспен алға ұмтылатыны белгілі. Сондықтан әрбір жасөспірімнің MySpace бетінде өз парақшасы бар, сол парақшаларын көркем етіп көрсеткісі, өзгелерден стилі жағынан басқаша көрінгісі келеді. Сол кезде көптің бірі болған Эшли көркем сурет өнерімен айналысатын, қағазға графикалық дизайндарды сыза білетін. Бір күні ол өз парақшасын әсемдей бастады,  оған достары қызыға қарады, жақын құрбылары өтініш білдіріп, осындай сызбалар жасап беруін айтып қолқа салды. Эшли бірінен-бірі өткен әдемі дизайндағы көз тартар сызбаларды, суреттерді бар ынты-шынтысымен сала білді.

Сұраныс көбейіп кеткенде Эшли өз алдыма бөлек табыс көзін жасаймын деп шешті. Сол сәтте ол анасынан бар болғаны 8 доллар сұрап алды да, ғаламторда орнататын жеке домен сатып әкелді. Осы арқылы Эшли бірінші рет өз сайтын ашты. Сайтына өз сызбаларының үлгілерін салып ұсынды, бұл сызбалардың барлығы ғаламтор қолданушыларының парақшаларын көркемдеуге арналған еді. 2007 жылдың соңына таман оның сайтына күнделікті бір миллион адам кіріп тұрды! Оның жарнамадан түскен жылдық табысының өзі бір миллион долларға жетті.

Міне, бала идеясының жемісі! Бұл күнде Эшли Кволс ең жас миллионерлердің бірі, осыдан-ақ табысқа жету үшін сіздің жас шамаңыздың қаншада екені, қолыңыздағы бастапқы бизнеске салатын ақшаның бар-жоғы да маңызды емес екені байқалып қалады. Иә, сіз аузынан ана сүті кеппеген баласыз ба, шау тартқан қариясыз ба, жоқ әлде жігітсіз бе, бойжеткенсіз бе, қалтаңызда ақша бар ма, жоқ па — маңызды емес.  Әрқашан да жаңа нәрсе ойлап табуға, жетістікке жету кеш емес.

Кейбір ата-аналардың ойынша, баланың толыққанды балалық шағы болғаны дұрыс, мәселен, көретін мультигі, түрлі ойыншықтары және тосынсыйлар, қуаныштар тағы басқа… Әрине, лайым солай болсын. Дегенмен, балаңыздың ерте бастан табысқа жету қабілеті байқалса, әлдене ойлап табуға құмар болса не істер едіңіз?

Осындай кездерде ата-аналардың бір қателігі, балаға әлі кішкентай деп немқүрайлы қарайтындығында, аса бір көңіл бөліп мән бермейтіндігінде жатыр. Бекер.  Мектеп жасынан үлкен биіктерді бағындырған, өзінің идеясымен, ұшқыр қиялымен алға басқан, бас айналар табысқа жеткен миллионер балалар өмірде жеткілікті. Солардың бірі Джульет. Оны келесі газет санында жариялайтын боламыз.

 

 

 

Байлықтың заңы…

 

«Қалаған нәрсеңді алу үшін —  алдымен оны алуға деген ниетің мен ішкі дайындығың болуы керек»

Жетістікке қол жеткізу үшін алдыңыздан күнделікті кездесетін мүмкіндіктерді жіберіп алмауды үйреніңіз. Бай адамдардың қарапайым адамдарға қарағандағы айырмашылығы олар өздерін бақытты, әрі бай ететін мүмкіндіктерді тез аңғарады. Ал, тұрмыстан тарығатын адамдар ол мүмкіндіктерді құлағымен естіп тұрса да естімегендей,  көріп тұрғанмен көрмегендей күйде тұрады. Неге? Себебі адамның өзі іштей не нәрсеге бекінулі немесе сенімді, ми соған қатысты ақпараттарды аңдауға және қабылдауға қабілетті. Сондықтан өміріңізден жағымды оқиғаларды жиі көргіңіз, отбасыңызды молшылықпен қамтамасыз еткіңіз келсе, онда «сәттілік арнасын» таңдауыңыз қажет, табысқа қатысты оң мәліметтерді жинастырып, өздігіңізше санаңызда қорытып дағдыланыңыз. Жаратылыстың байлығын, сыйын, адамзатқа арналған ғажайыптарын қабылдауды, өзіңізге тартудың сырын ұғынуыңызға тиіссіз. Адамдар жан жағында игілікті молшылық, береке байлық тасып жатқан әлемде өмір сүріп жатқанын сезе ме екен? Әрбір адам қанша қаржы тапқысы келеді, сонша ақша таба алады, не болмаса қандай нәрсеге мұқтаж соны ала алады. Тек адамға бар болғаны өзінің көздегеніне қол жеткізу үшін көзін ашып қарап, табыс арнасын «аулап» үйренуі қажет.

Байлық заңы мынадай ережелерден тұрады:

  1. Бірінші заңдылық: адам түпкі жасырын бейсанасымен де, саналы түрде болсын, нені қалайды, соны алады. Егер сіз зәулім үйде, ұл қыздарыңызбен бақытты отбасын құрып, жалақысы жоғары, ілгері дамыған қызметті иемденгіңіз келсе, онда мұны шындыққа айналдыра аласыз. Ал, егер сіз біреуге жалданып қызмет еткенді қаласаңыз, не болмаса бір бөлмелі үйде тұруды мақсат етіп қойсаңыз, оған да қол жеткізесіз. Сондықтан не нәрсеге талпынып жатсыз, нені алғыңыз келеді, нені көздейсіз, міне, осы бағыт бағдарыңыздың қандай екеніне ең алдымен мән беріңіз. Уақыттың тығыздығына жүгінбеңіз, айналаңыздағы адамдардың сын пікіріне, болжамына сүйенбеңіз, өзіңізді тыңдаңыз, ішкі әлеміңізге үңіліңіз. Кез келген жан көңіл түкпірінде табысқа кенелгісі келеді.  Бірақ оған сенбейді. Өз қалауыңыздың не екенін ажырата білгеніңі дұрыс. Табыс туралы ойлар сіздің миыңызда көмескі, айқын емес болса, банктегі есепшотыңызда ойша мың миллиондаған ақша жатпаған болса, онда өміріңізде де бұл қаржылар орын алмайды деген сөз. Азғантай ақшаны қанағат етсеңіз, онда сол көлемдегі мөлшер сіздікі болады.
  2. Бұл тұжырымнан екінші заңдылық туындайды: табысты болғыңыз келе ме – ендеше болыңыз!
  3. Үшінші ереже жоғарыдағы екеуімен жалғасты болып келеді, адам табысты ең әуелі өзі таңдамайынша, табыссыз күйде қала береді.

Маған өзіме қолайлы жұмыс жоқ, мамандығыма лайықты бос жұмыс орнын таба алмадым дейтін адам өзін «жұмыстың жоқтығына» сендіргендіктен, оған қалың ұсыныс түсіп жатқан жерден де орын табылмайды. Себебі, оның санасы алдын ала бекітіліп қойған ақпаратқа сай жұмыс істейді, әуедегі «жоқшылық арнасын» өзіне тартады. Және оның ойы басқа жағымды ақпараттарды қабылдауға дайын емес, әрі жабық тұрады. Мұндай адамның табыс туралы ойлары көбінде мынандай болып келеді: «Егер мен үлкен қызметке көтерілуім керек болса, онда жолымдағы әлдекімді ығыстырып шығаруым қажет», «барлығына бірдей байлық қайда?», «табысқа жетуіме мүмкіндігім аз, шамам жетпейді»…  Көпшілігі басшылық қызмет те, дүние байлық та жер бетіндегі адамның барлығына бірдей жете бермейді деп түйеді.

Осы айтылған ойлар сіздің де санаңызда қалыптасқан болса, онда байлық пен молшылық заңдылығын қабылдай алмайсыз. Әлемде әрбір адам үшін молшылықтың мүмкіндіктері мен жолы көп екенін тағы да естеріңізге сала кетейік. Көк жүзінде қанша жұлдыз барын, әр көктем сайын қанша көк шөп көктеп шығатынын, қанша егістік өнім беретінін, күздігүні қанша жапырақ төгіліп түстетінін, қанша тамшы жауын жауып өтетінін ойға алыңыз… Мыңдаған жұлдыздардың ішінде ілкімділерінің ғана атауы бар, солар ғана зерттеушілердің назарына іліккен, қалғандары елеусіз… Мыңдаған шөптер мен өсімдіктердің ішінде кейбіреулері өндіріс пен медицинада пайдаланылады, кейбірі қол тимеген күйі солып қалады. Сол секілді, адам баласына мүмкіндіктер күн сайын, сағат сайын жолығады. Бастысы, бұл әділ-тәсілдерді көре білу, ұсыныстарды таңдау және соны тиімді пайдалану. Тәуекелге бару. Егер шын мәнінде өзіме сондай мүмкіндіктер мен ұсыныстар кездеспей жатыр деп ойласаңыз, онда айналыңыздан әлденені күтуден гөрі ішкі жан дүниеңізге үңіліп көріңізші.  Әлгі өсімдіктер мен жұлдыздар сияқты адам баласы да табиғаттың бір бөлшегі. Адам жаратылыс заңдылықтарына бағынады. Барлық сиқырлы күш – адамның ақылында.

Дегенмен, адамға осы жоғарыда айтылғандардың өзін орындау оңай емес. Қандай жағдайда адам өзінің өмірлік жолын айқындауға қабілетті. Ол нені таңдайды, тағдыры соны жасайды. Ал, өмірінің жарқын жақтарын жасау үшін өз жанының мұқтаждылығына құлақ асса ғана жетістікке жете алмақ. Алайда, көбінде адамдардың ақылы белгілі бір нәрсеге тоқталып, шешім шығарғанмен, оның жаны сол шешімді қабылдамай тұрады. Яғни, ақылдың таңдағанына жан қалауы қарсы шығады. Ақырында адам өзінің ойлағанындай жетістікке жете алмайды да, бойында өзіне сенімсіздік пен көңілі толмаушылық пайда болады.  Мақсатқа жете алу үшін адамның жаны тыныш және үйлесім табуы қажет. Жаны тыныш адам ғана жетістікке жететін әдіс тәсілдерді пайдалана алады. Ақылдың жұмысы — көп адамдар секілді қатып қалған стандарттармен жүру ғана емес, жан дүниемен астасып, онымен жымдаса келе, адамның бойындағы қабілетті дамыту. Яғни, жан қалауы мен ақыл таңдауы сәйкес болуы керек.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *