Астық түсімі мол болмақ

Бүгінде Түркістан облысында егін ору науқаны қызу жүргізілуде. Облыстың түкпір түкпіріндегі шаруа қожалықтары аптап ыстыққа қарамай астық оруға білек сыбана кірісіп кеткен. Егінге алғашқы болып орақты қазығұрттық шаруалар салды. Аталған ауданда биыл 87 мың гектарға жуық жерге күздік және жаздық бидай мен арпа егілген. Биыл ауыз толтырып айтарлықтай мол өнім жинаудан шаруалар үмітті. Ала жаздай кетпенін күнгей сүйдіріп, бел жазбай еңбек ететін дихан қауымның еңбегі де, өнбегі де күздегі сабан тойда белгілі болмақ. Қазығұрт ауданындағы дәнді дақыл егумен айналысатын «Айқожа» өндірістік кооперативінің басты міндеті астықты төкпей-шашпай жинап алу болып тұр.  Бидайға алғаш орақ салған шаруалар бүгінде біраз егістік алқапты еңсеріп тастады. Аз ғана уақытта жаздық орымды бітірген соң ары қарай күздік орым кезегін күтіп тұр. Биыл облыста 233 мың гектардан астам жерге масақты дақылдар егілген. Оның 191 мың гектары бидай болса, 42,5 мың гектары – арпа. Бүгінде облыста осы алқаптардан 26,5 мың тонна арпа мен бидай жиналып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының алдын-ала жасаған болжамдық есебі бойынша егілген дәнді дақылдардың әр гектарынан 16 центнерден, яғни 374 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Сондықтан мол жиналған астықтан шаруалар тиісінше табыс көруі үшін астықты дұрыс сақтау, дер кезінде экспортқа шығару қажеттігі туындап отыр. Бұл жағынан алғанда облыстың шаруалар қамшы салдырмасы анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *