Шымқала — қызғалдаққа бай қала

Жыл сайын көктем шыға сәуір айында Шымкент қызыл-жасыл кілемге көмкерілгендей, ғажайып түске бөленеді. Айналаны көздің жауын алардай қызғалдақтар қаптайды. Сан түрлі сары, қызыл, алқызыл, көк, күлгін, ақ түсті қызғалдақтар расында қаланың әсемдігін паш еткендей. Ендігі 2018 жылдың көктеміне әзірлік қазірден басталып жатыр. Жақында ғана Шымкентте 1,3 миллион түп қызғалдақ тұқымы отырғызылды. Қыстай қар астында жатып, ерте көктемде қаланы сұлулықпен көмкеретін голландиялық гүлдерді отырғызу жұмыстары әне-міне дегенше аяқталуға жақын. Былтыр дәл осындай қызғалдақтардың 700 мың түбі егілген болатын. Биыл олардың саны екі есеге ұлғайып отыр. Тұқым егу жұмыстары қаланың орталық көшелерінде сәулетшілер мен суретшілердің бірлесіп сызған эскизіне сай егілуде.

«Біз егіп жатқан гүлдер келесі жылдың көктемінде, яғни сәуір айында әдемі болып гүлдейтін болады. Негізінен Голландиядан келген гүлдің сорттары отырғызып жатырмыз. Сары, қызыл, көк, алқызыл, күлгін секілді 6 түрлі түс бар. Егер күтімі мен баптауы жақсы болса, қалаға ерекше сұлулық сыйлары сөзсіз», — дейді көгалдандыру компаниясының өкілі Сұлтанхан Ахметов. Күз айында егілген гүлдер көктем мезгілінде толық жайқалып өскен кезде ұлттық нақыштағы оюлар мен геометриялық фигураларды тамашалауға мүмкіндік тумақ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *