«Жаңа Ақдала» серіктестігінің жұмысы серпінді

Бізді «Агрофирма «Жаңа Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапарбай Дәрібаев бастап барды. Серіктестік басшысы Ерулан Әжібеков зауыттың тыныс-тіршілігімен танысқалы келген бізді бірден өндіріс алаңына бастады.

Фирмада елуге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, маусым кезінде мұнда екі жүздей адам жұмыс істейді. Фирма жетекшісінен білгеніміздей, мұнда тәулігіне 600 тонна қызанақ өңделеді. 2017 жылы 27222 тонна қызанақтан 3370 тонна томат концентраты өндірілген. Сондай-ақ, былтыр 607,9 миллион теңгеге жеке инвестиция тартылып, томат концентратын шыны ыдыстарға құятын цех іске қосылыпты. Бұдан бөлек, егістік жаңбырлатып суару әдісі арқылы жұмыс істейтін заманауи техникалармен жабдықталған. Арыс өзенінің суы дәл іргеден ағып жатқанымен су үнемдеу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Биыл фирма егіншілері 290 гектар қызанақты, 170 гектар бауды, 95 гектар пиязды, 359,1 гектар жоңышқаны тамшылатып суару арқылы нәрлендірген. Жалпы, шаруашылық 383 гектарға қызанақ, 170 гектарға бау, 256,5 гектарға жоңышқа, 50 гектарға пияз еккен.

Ерулан Табандыұлы биыл тағы да қосымша техникалар алғанын баяндап өтті. «КаМАЗ» жүк автокөлігі, тіркемесімен тракторлар сатып алынған. Олардың барлығы бүгінде тоқтаусыз жүріп тұр. Бау-бақша өнімдері тиелген автокөліктер әрі-бері ағылуда.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ. «Оңтүстік Қазақстан».

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *