Мал бордақылаумен айналысатындар көбейіп келеді

Түркістан облысының шаруашылықтарында кейінгі бірнеше жылдан бері мал бордақылау алаңдары мен жанұялық сүт аулаларының құрылып жатқаны белгілі. Ал бұл жұмыстардың барысы қалай? Осыны білмек мақсатта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімімен хабарласқан едік. Бөлім басшысы Бейсенбай Үсенбековтен төмендегідей мәліметтер алдық, деп хабарлайды zamana.kz

 

 

Биыл Түркістан облысы 3127 шағын (10-15 бастық) мал бордақылау алаңдарын құруға тапсырма алыпты. Өткен 21-қыркүйекке дейінгі көрсет­кіштер бойынша құрылған шағын мал бордақылау алаңдарының саны 2674-ке жетіп отыр екен. Осының нәти­жесінде 5348 жұмыс орны ашылыпты.

 

Сондай-ақ 2018-жылға 697 шағын жанұялық сүт аулаларын (5-10 бастық) құру міндеттеліпті. Ал бұл бағыттағы жоспар асыра орындалып отырғанға ұқсайды. Басқарма мәліметінде 763 жанұялық сүт аулаларының құрылғаны көрсетілген. Осының арқасында 3052 адам жұмыспен қамтылыпты.

 

Ал, жалпы, 2014-жылдан бүгінгі күндерге дейін облыста 14 мың 550 шағын мал бордақылау алаңдары құрылған екен. Осының 6109-ы несиелендіру арқылы іске асырылыпты. Өткен 4 жылдан аса уақыт ішінде 29 мың 100 жұмыс орындары ашылғаны туралы айтылады.

 

Осы аралықта құрылған шағын жан­ұялық сүт аулаларының саны 3388-ге жетіпті. Мұның ішінде 443-і шаруасын несие алып жүргізген екен. Бұл сала бойынша 13 мың 552 адам жұмыспен қамтылыпты.

 

Сондай-ақ Түркістан облысында селекциялық жұмыстар мен малды асылдандыру, ірі қара малды қолдан ұрықтандыру, асыл тұқымды тұсақ, бұқа, бие, айғыр өсіру жұмыстары да жүріп жатыр екен.

 

Б. РЫСҚҰЛ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *