«Бақытты отбасы» жобасы аясында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазымен кездесу өтті

WhatsApp Image 2019-04-12 at 19.29.20

Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ғимаратында «Отбасы» жобасы аясында қоғам қайраткері, ҚР Парламент мәжілісінің V шақырылымының депутаты Асанғазы Оразкүл Асанғазықызымен кездесу өтті. Іс-шараны өткізудегі мақсат«Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» Тұжырымдамасын іске асыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау, жар таңдау, отбасы құру мәселесінде ақыл-кеңес беру, ажырасу секілді қоғам кеселінің алдын алу. Бұл тақырып қазіргі қоғамдағы нағыз өзекті тақырып. Әсіресе, жастар мәселесі, олардың кәсіби маманданырылған білім алуы, жұмыспен қамтылуы, жалпы қоғамнан өз орнын алуы бүгінде әрбір ата-ананы ойландырмай қоймайды.
Іс-шараға қалалық аудан әкімдері, Шымкент қаласы әкімдігінің басқарма өкілдері, аудандық соттардың судьялары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, АХАТ бөлімінің, сот, әділет органдарының, білім саласы, зиялы қауым, әжелер алқасы мен ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.

WhatsApp Image 2019-04-12 at 19.29.21 (1) WhatsApp Image 2019-04-12 at 19.29.23

Шымқала жастарына «айналайындарым» деп сөз бастаған қоғам қайраткері, бүгінде жастар арасында көкейкесті сұраққа айналған ажырасу жайы мен отбасы құндылықтарын айтып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Қазіргі таңда жастар еліктейтін нәрсе көп, ғаламтор мене әлеуметтік желі, ақпараттың толассыз ағылуы — енді ғана өмірге деген көзқарасын қалыптасырып келе жатқан жас буын өкілдеріне әсер етпей қоймайды. Сондықтан әрбір жас ақыл мен сабырға салып, ойлана білуі керек, қажетін алып, жақсысын үйреніп, жаманнан жирене білуі керек деген кеңесін айтты Оразкүл Асанғазықызы. Сонымен қатар, ұлтын ұлықтаған азамат жастарды өз елін-жерін сүюге, мемлекеттік тілде әрқашан сөйлеуге шақырды. Әрбір жасқа рух беріп, отбасының маңыздылығын жастарға ұғындырған бұл кездесу талайға рухани байлық сыйлағаны анық. Оны тапжылмай зейін қойып тыңдап отырған жастардан-ақ байқауға болады. Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы бар жан-тәнімен жастарға отбасының аман сақтап қалу керектігін және бүгінгі қоғамда әлеуметтік желінің тым ашықтығын тілге тиек етіп, ажырасудың да жиі орын алып жатқандығын да айтты. Өмірлік тәжірибелерімен бөліскен тіл жанашыры бойыңды тулататын әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бес жыл ішіндегі 33 мың жасөспірім қыздың жүкті болғандығын, оның мыңға жуығы жасанды түсік жасатқандығын жан күйдіре айтып, қазақ қызының намысы тапталуына жігіттер қауымының да бей-жай қарамауын өтінді. Шаңырақ көтергеніне көп уақыт өтпесе де, арасын үзіп ажырасып жатқандардың саны артып келеді. Ұлтының болашағына алаңдайтын Оразкүл Асанғазықызы бұл мәселенің шешу жолында өз ұсынысын айтқан болатын. Ажырасудан алдын ақсақалдар алқасынан өткен соң ғана сотқа жүгінуге кеңес берді.

WhatsApp Image 2019-04-12 at 19.29.21
Кездесу барысында барлық қатысушылар тарапынан тақырып төңірегінде қоғамда өзекті саналған мәселелер бойынша сауалдар қойылып, мардымды жауаптар берілді. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері жас ұрпақ тәрбиесінде отбасы құндылықтарының сақталуы маңызды рөл атқаратынын айтып, кездесу нәтижесін барлық мақсатты топ өкілдерінен құралған жұмысшы топ құру және ажырасу мәселесінің алдын алу мақсатында арнайы мамандар тарапынан кеңес көрсетілетін орталық қажеттігін ұсынды. Аталған орталықта психологиялық, құқықтық сауаттылық және т.б. қызметтерді алу мүмкіндіктері қарастырылатындығын айтты. Жүздесуде отбасылық құндылықтардан бөлек тіл мәселесі мен тарих және ұлттың болашағы да тереңінен талқыланды. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында өткен жиын «Бақытты отбасы» жобасы аясында ұйымдастырылған. Жаңадан құрылған жобаның мегаполис жастарына берері мол.
Іс-шара соңы некеге тіркеуге өтініш білдірген қала азаматтарына қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының неке куәлігін салтанатты тапсыру рәсімімен аяқталды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *