Миллиардерлер құпиясы

Жер бетінде сан мыңдаған адамдар миллион мен миллиардтап табыс тапқысы келеді. Ал, мұндай бас айналдырар жетістікке қалай жетуге болады деп ойлайсыз? Сіз осынша байлықты арман етіп жүрген болсаңыз, онда жыл сайын миллиардерлер тізімін жариялап отыратын әйгілі Forbes журналы солардың өзінен кеңестер алып, қалай баюға болатын құпияларын жазыпты.  Олардың дені ең бастысы үш негізгі нәрсені атаған, яғни ең бірінші – белді буып тәуекелге барудан қорықпау, екінші озық ойлау, үшінші сәтті некелену деп көрсеткен.

Ал, кәнеки, байығыңыз келе ме? Мұны жалғыз тек өзім ғана қалаймын дей көрмеңіз. Біздің ғаламшардағы тұрғындардың барлығы бірдей шалқыған табысқа жетуге қол жеткізгісі келеді. Мәселен, доллары әр сағат сайын, тіпті минут, секунд сайын көбейіп, арнасынан тасып жататын, бүкіл әлемдік желі интернеттегі Apple немесе Google бағдарламасының негізін қалаған миллиардерлер болғысы келмейді дейсіз бе? Иә, олар да өзінің қымбат ұшағымен жер бетін шарлап, Француз Ривьеріндегі жеке сарайына қонуды қаламайды дейсіз бе? Бәлкім, олар да ең бай адамдар тізімінің қатарында болғысы келетін шығар.

Бір білетініміз, олар армандайды…  тек армандайды, бірақ осы ертегіні қалай шындыққа айналдыруды білмейді. Forbes журналы бес жыл бойы он шақты миллиардерлер мен табыс көлемі 100 миллион доллардан асатын миллионерлерден сұхбат алып, зерттеу жүргізіп отырған.  Сұхбат барысында табысқа қалай жеткені жөнінде сұралады. Көптеген магнаттар бұл сұраққа сәттіліктің арқасында, уақытты ұтымды пайдалана білуімнен деп жауап бергенмен, 80-90 пайызынан астамы біркелкі сұраққа біркелкі теория мен нәтиже айтқан. Яғни, олардың жауабы үш негізгі құпияға келіп тоғыса берді. Сонымен олар қандай дейсіз ғой?

Тәуекел түбі жел-қайық…

Бірінші құпия: сәтсіздіктерден қорықпау. Басыңыздағы қиындықтарға төзе білу. Оның өтпелі кезең екеніне сену. Респонденттердің дені, өмірінде қолайсыздықтар болып жатқан шақта, олардың алдынан екі жол кезіккен, бірі – тыныштық сақтау және қауіпсіз жолды таңдау, екіншісі – қандай да бір тәуекелге бару. Негізі, байлыққа жеткіңіз келсе, тәуекелге бара білген жөн. Қауіпсіз жолды таңдаған болсаңыз, онда нағыз байлардың қатарынан көрінуіңіз неғайбыл.

Миллиардерлер де өздерінің алдын сәтсіздіктер орайтынын мойындайды. Олардың да құлдырайтын кездері болады. Бірақ, олар оған дес бермей, күресе біледі. Салы суға кетіп, дүниеден түңіліп кету олардың әдетінде жоқ, керісінше қайтадан еңсесін тіктеп, бұрын жасаған миллиондар қайтадан өзіне қайтып келетінін сезген және ол миллиондарды қалай миллиард етіп көбейтудің жолын көздеген.

Жан-жақты ойлан!

Екінші құпия: ақшаны табуға деген шығармашылық  және қабілетті икемділік.  Магнаттар да тығырыққа тіреліп, қай жақтан жол тауып шығарын білмей басы даң болған күндерін есіне түсіре алады. Және олар мұндай сәтте мәселені ортаға қойып жан-жағынан қарай білген, керек кезінде тіпті жоқтан бар жасай білген. Мысалы, бұрын жанармай сататын бекеттерде ешқандай дүкен болмаған, дүкенді ашудың өзі ешбір адамның ойына келмеген. Неге десеңіз, бензиннің қасында қандай азық-түлік дүкені болуы мүмкін. Ол әбестік емес пе? Мұнай компаниясының жетекшісі бірде өзінің жанармай бекетінің жанынан асхана мен азық-түлік дүкенін саламын дегенде, оның идеясына күлгендер болған. Мұның іске аспайды, пайда әкелмейді деп айналасындағылар мазақ етті. Дегенмен, бұл идеяны ойлап тапқан жан өзінің тілегінде тұра білді, көлігіне бензин құйған адам неге мини-маркетке де бас сұғып шықпасқа? Ақыры бұл мақсаты орындалды. Оның ақшасы өскен үстіне өсіп көбейіп отырды. Ал, қазір қалай? Әрбір бұрышта жанармай бекетін, оған жапсарлас дүкенді көріп көзіңіз үйренген емес пе?

Жеке өміріңіз қандай?

Үшінші құпия: сәтті неке. Иә, үшіншісі бізді таңғалдырды, байлықтың бастауы сіздің жеке өміріңіз, таңдаған жарыңызға да байланысты болады екен. Жо-жоқ, бай адамға тұрмысқа шығу немесе миллиардердің мұрагерінің жүрегін жаулау деген әңгіме емес бұл… (әйтсе де, бай адамнан қашу деген де сөз емес). Айтқымыз келгені, ерлі-зайыптылардың бірі бай болуға дайын және бекем болуы керек. Табыс пен жетістікке жету үшін әлденені құрбан ету керек болады. Мәселен, қыруар ақша салуыңыз немесе ерік-күшіңізді сарқып, барлық қайратыңызды жұмсауыңызға тура келеді. Қандай істе, қандай сөздер естімеңіз, мұқалмауға тиіссіз. Сондай кезде адамның алдынан кездескен күрделі қиындықтар кезінде сүйеніш болатын, алға жетелеуші, қолпаштап отыратын сүйікті жары болғаны жақсы. Ол құлазып қалса, қайтадан шабыттандыруы, табыстан бас тартпауына үгіттеуі қажет.

Магнаттарды зерттеу нәтижелері мынандай қорытындыға әкеліп тіреді: әрине, бай болған жақсы. Дегенмен, бұлардың қасында төртінші құпия бар, өмірде барлық мәселені ақша ғана шешпейді. Егер шын бай болғыңыз келсе, ең алдымен өзіңіздің денсаулығыңызды, отбасыңызды қадірлеңіз, олардың ақшадан ардақты екенін еш ұмытпаңыз.

Дональд Трамптың алты кеңесі:

Миллиардер Дональд Трамп табысқа жеткісі келетіндерге төмендегідей алты кеңес беріпті. Бұл бизнесмен 1980 жылдардың басында кәсібін құлдыратып алған, ал қазір ол қайтадан биікке шықты. Трамптың бүгінгі қоржынындағы қазына 3 миллиард фунтты құрайды.

Жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын ол «Трамп. Қалай баюға болады?» атты кітабында жаңа бастаған кәсіпкерлерге бірнеше кеңесін ұсынады. Сонымен бірінші миллардты қалай жасауға болады екен. Көрейік.

  1. Әрқашан тартымды киініңіз

Мен бір кездері арзан киінетініме мақтанушы едім. 100 долларға да киім сатып алып әсемденуге болады, сондықтан қаншама мыңдаған долларымды артық костюмге жұмсап керегі не деген ой болған.

Бірақ, жылдар өте келе мұнымның дұрыс емес екеніне көз жеткіздім. Қазір тек өте сапалы туфли киемін, бұл арзанқол киімнен әлдеқайда пайдалы, әрі ұтымды. Қымбат киім сенің құныңды көрсетеді, өзіңді қалай бағалайтыныңды білдіреді. Оның үстіне айналадағы адамдар да сіз аузыңызды ашпай тұрып, ең бірінші үсті-басыңызды тінтіп шығады, киіміңізге қарап кім екеніңізді болжайды.

  1. Әдейі өз пікіріңізді тықпалаңыз…

Үлкен мәліметтерді нақты анықтап, жиын үстінде ақпар беріңіз және бұған ойлана отырып, қисынсыздау пікір білдіріңіз. Бұл айналаңыздағы адамдардың сізге деген көзқарасын анықтауға көмектеседі. Олардың бұл пікірге деген реакциясын байқап отырып, түпкі ойларын біле аласыз. Менің өзім үлкен жиналыстар мен отырыстарда әлдеқандай ескертпелер айтып қаламын да, артынша кімнің талас-тартыс тудырып, не болмаса келісімге келгенін бақылап аңдып отырамын.  Осыдан-ақ үстел басында бірге отырғандардың кім екенін және олардың бағасын танып, көзіңізді ашып қарайтын боласыз.

  1. Өзіңізге өзіңіз қаржыгер-кеңесші бола біл

Көптеген фирмалардың жетекшілері өздеріне кеңесші-қаржыгер жалдап жатады. Кеңесшілердің толайым табысқа батырып тастағанын бірде-бір рет көрмеппін. Өзіңіздің түйсігіңізге сүйене отырып, нарыққа талдау жасаңыз. Нарық туралы ақпараттарды жиі оқыңыз, олар туралы мәліметтерден сіз нарықтағы жеңімпаздарды анықтай аласыз. Әрқашан жеңімпаздарға көз тігіңіз. Соларға ұқсап бағыңыз.

  1. Есеңізді жібермеңіз

Егер сізге тосқауыл жасаса, сізді мұқатпақ болса, оны жауапсыз қалдырудың жөні жоқ. Қалай сәлем берді, солай жауап қайтарыңыз, дөрекі сөйлесе дөрекілік танытыңыз, тәлкек қылса, сіз қарап қалмаңыз. Есесін қайтарыңыз.

Сенгіш болудың қажеті жоқ. Мен мұның жақсы қасиет емес екенін білемін, алайда, жақын деген досыңның өзі сенің ақшаң мен отбасыңа қызғанышпен қарауы мүмкін.

  1. Түйсік алдамайды

Кәсіпкерлік  — бұл бір адамның ғана шаруасы емес, ұжым болып атқаратын іс. Ең бірінші өзіңді қолға алып, алдағы атқаратын істің тиімді бітетініне өзіңіз сенімді болуыңыз қажет. Сіздің жоғары біліміңіз бен дипломыңыз болуы мүмкін, бірақ терең түйсікке жүгінбей, жоғарыға көтеріліп аяқтан тұру қиын. Бұл қадамға бару керек пе жоқ па, алдыңыздағы отырған  адаммен келісім-шартқа отыру қажет пе жоқ па, жалпы шешімді дұрыс қабылдадыңыз ба жоқ па, оны қайдан білесіз, тіпті қанша жерден терең пайымдадым дегеннің өзінде шатасуыңыз ықтимал. Бірақ, түйсік көп нәрселерден алып шығады.

  1. Сәтсіздікке дайын болыңыз

Биікке өрлеу мен құлдырауға дайын болғанда ғана, сіз көптеген қиындықтарды жеңіп шыға аласыз.

Ушыққан мәселенің аяғын шыдамдылықпен күту – мені көп нәрселерден, соның ішінде ақшаны жөнсіз шашудан, төтеннен келетін жағымсыздықтардан құтқарды. Қиындықтардан қашып құтыла алмайсыз. Ол қай кезде де алдыңнан шығады. Бірақ, мен өте сақ адаммын, бұл пессимистікті білдірмейді. Мұны шындықты жағымды жаққа бұрғым келгені деп қабылдаңыздар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *