Сегіз долларды бір миллионға айналдырған оқушы қыз Танымалдар тарихы

АҚШ-тың Детройт қаласында туылған Эшли Кволс есімді он төрт жасар қыз баланың өмір тарихын естігенсіздер ме? Ол ғаламтордағы әлеуметтік желілердің өзі кеңінен таралмай тұрған шағында-ақ, тіпті адамдар әлеуметтік желінің не екенін енді ғана ұғына бастаған кезде миллионер аталып, табысқа кенеле білген. Оқушы бола тұра өміріндегі кедейлікті жеңіп, 1 миллион долларға дейін табыс тапқан.  Ал, енді сол жетістіктерге шынашақтай қыз қалай жетіп жүр, соның сырына келейікші.

Оқиға былай өрбіген, Эшли әдеттегідей өзі құралпылас құрбылар ғаламторда сөйлесетін MySpace әлеуметтік желісі арқылы достарымен байланыс орнатады. Тіпті, ондағы жеткіншектер санының көптігі соншалықты, олар бір-бірінен қалайда ерекшеленуге, «қайтсем басқалардан басып озам» деген талпыныспен алға ұмтылатыны белгілі. Сондықтан әрбір жасөспірімнің MySpace бетінде өз парақшасы бар, сол парақшаларын көркем етіп көрсеткісі, өзгелерден стилі жағынан басқаша көрінгісі келеді. Сол кезде көптің бірі болған Эшли көркем сурет өнерімен айналысатын, қағазға графикалық дизайндарды сыза білетін. Бір күні ол өз парақшасын әсемдей бастады,  оған достары қызыға қарады, жақын құрбылары өтініш білдіріп, осындай сызбалар жасап беруін айтып қолқа салды. Эшли бірінен-бірі өткен әдемі дизайндағы көз тартар сызбаларды, суреттерді бар ынты-шынтысымен сала білді.

Сұраныс көбейіп кеткенде Эшли өз алдыма бөлек табыс көзін жасаймын деп шешті. Сол сәтте ол анасынан бар болғаны 8 доллар сұрап алды да, ғаламторда орнататын жеке домен сатып әкелді. Осы арқылы Эшли бірінші рет өз сайтын ашты. Сайтына өз сызбаларының үлгілерін салып ұсынды, бұл сызбалардың барлығы ғаламтор қолданушыларының парақшаларын көркемдеуге арналған еді. 2007 жылдың соңына таман оның сайтына күнделікті бір миллион адам кіріп тұрды! Оның жарнамадан түскен жылдық табысының өзі бір миллион долларға жетті.

Міне, бала идеясының жемісі! Бұл күнде Эшли Кволс ең жас миллионерлердің бірі, осыдан-ақ табысқа жету үшін сіздің жас шамаңыздың қаншада екені, қолыңыздағы бастапқы бизнеске салатын ақшаның бар-жоғы да маңызды емес екені байқалып қалады. Иә, сіз аузынан ана сүті кеппеген баласыз ба, шау тартқан қариясыз ба, жоқ әлде жігітсіз бе, бойжеткенсіз бе, қалтаңызда ақша бар ма, жоқ па — маңызды емес.  Әрқашан да жаңа нәрсе ойлап табуға, жетістікке жету кеш емес.

Кейбір ата-аналардың ойынша, баланың толыққанды балалық шағы болғаны дұрыс, мәселен, көретін мультигі, түрлі ойыншықтары және тосынсыйлар, қуаныштар тағы басқа… Әрине, лайым солай болсын. Дегенмен, балаңыздың ерте бастан табысқа жету қабілеті байқалса, әлдене ойлап табуға құмар болса не істер едіңіз?

Осындай кездерде ата-аналардың бір қателігі, балаға әлі кішкентай деп немқүрайлы қарайтындығында, аса бір көңіл бөліп мән бермейтіндігінде жатыр. Бекер.  Мектеп жасынан үлкен биіктерді бағындырған, өзінің идеясымен, ұшқыр қиялымен алға басқан, бас айналар табысқа жеткен миллионер балалар өмірде жеткілікті. Солардың бірі Джульет. Оны келесі газет санында жариялайтын боламыз.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *