Әнұранды отбасымызбен сүйіп орындаймыз

Қазақстан басқа ұлттар үшін құшағын кең ашқан бейбіт мемлекет.  Өйткені, мұнда орыс, татар-башқұрт, өзбек, түрік,  шешен-ингуш сынды көптеген  ұлыстар әу бастан-ақ қоныс аударып, енді ұрпақтарымен тамырын тереңге тартып, өрісін кеңге жайып келеді. Олардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да  алуан түрлі.  Алайда,  олардың  мақсаттары бір. Ол татулық, бейбітшілік, бірлік-берекеде өмір сүру. Әсіресе, Оңтүстік өлкесі  өзге этностардың  достықта  мекен етіп жатқан қаймағы бұзылмаған киелі кірті ретінде басқа аймақтардан  айрықшаланады.

Осындай туып  өскен қазақ жерін шымкенттік Ирина Александрқызы Грибова және Ли Ирина Александрқызы алтын бесік құтты ұям деп  аса қастерлейді. Тіпті, қазақтың әнұранын  әуелете шырқап, жанына балайды. Оны отбасымен сүйсіне орындайды. Ал қазақшаны таңдайлары тақылдап,  судырата сөйлейді.

Екеуі де  бала кездерінен  билеуді арман еткен. Бес жастарынан би үйірмесіне қатысқан. Сабақтарына үлгеріп қана қоймай, үйірмені   де қатар алып жүрген. Аналары күнара қыздарын биге жетелеп, екі сағат тапжылмай күтіп, қаншама алтын  уақытын балаларына бөле білді. Қазіргі таңда қос ару аналарының еңбегін еш кетірмей, соның нәпақасын жеп отыр. Таңданарлығы, екеуінің есімі де, тегі бір. Екеуі де М.Әуезов  атындағы Оңтүстік Қазақстан  Мемлекеттік университетінің түлектері.

Олар мың бұрала билегенде  жаны жай тауып, осы шығармашылықтан сая табатынын айтады. Би олар үшін өмірі, бимен тыныстайды, лаззат алады.  Олар қазір «Би таңы» би мектебінде балаларға өздерінің бойындағы таланттарын   дарытып, қанаттарына алып,  би нәрімен сусындатып келеді.  Шәкірттері де  олардың  еңбегін еселеп, қаншама байқауларда жүлделі орындар алып, биіктен көрініп келеді.

Қазақтың әнұраны мен үшін айтылуы оңай,  жүрек жылуыма айналды,-дейді Ли   Ирина.

 

Әнұранды отбасымызбен сүйіп орындаймыз

 

Ли Ирина Александрқызы 1984 жылы 22 мамырда  туылған.

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін 2001-2005 жылы хореография мамандығын тәмамдаған. Сүйікті асы-бешбармақ.  Қазақ әндерін сүйсіне тыңдап, нәшіне келтіріп орындайды.

 

 

  • Ирина Александрқызы, отбасында қай тілде сөйлейсіздер?
  • Мен Университетте оқып, бітірген соң, «Қазына» би ансамблінде биледім. Сонда Романмен танысып, кейіннен отбасын құрдық. Қазір Диана, Влад деген екі баламыз бар.

Роман Викторұлы «Қазына» би  ансамблінде ұйымдастырушы болып жұмыс істейді. Ұлым Влад «Ер-Төстік» балабақшасына  барады. Қызым №8 мектеп-гимназиясында оқиды. Аталмыш білім ұясында қазақ, орыс,  ағылшын тілдерін тереңдетіп оқытады. Сондықтан қызыма  қазақ тілін оқытамын, аптасына үш рет болады, тілді үйрену оңай емес, сондықтан оған  көп көңіл бөлемін, әрі өзім де тілді үйреніп жаттығамын.

Басында сөйлемдердегі қоятын жалғауларды қоя алмайтынмын, айтуға  қорқатынмын, бәрі күлетін шығар дейтінмін. Кейін көп сөйлеп, үйренгеннен кейін қорқыныш сейіліп, егер дұрыс  айтылмаса,  маған сөзді жөндеп береді деп түсіндім. Дәл солай бола  бастады. Ешкім күлмейді, қайта сөздің жалғауларын жөндеп айтуымды  үйретіп беретін болды. Одан соң, үйренуге деген құлшыныс артып, қазақтармен қазақша  сөйлестім. Қазір би мектебінде қыздармен қазақша түсіндіріп, сөйлесемін.

Ең бастысы, маған қазақша әндер ұнайды. Мектеп кезімде оқып жүргенде бірінші гимн  орындауға өте қиын болды, ал кейінгі жаңа әнұран маған қатты  ұнайды. Әдемі, айтылуы да оңай,  Шәмші Қалдаяқовтың  патриоттық әні өңделген тамаша, өзім сүйіп орындаймын.  Балалар  да қуана шырқайды.  Отбасымызбен бірге айтамыз.

—  Бала тәрбиесіндегі тәсілдеріңіз қандай?

-Ең дұрысы, ата-ана үлгі бола білу керек  деп ойлаймын. Ұқыпты, жауапкершілігі мол, достаса білетін, бір-біріне қолдау  көрсететін өнегелі ата-ана болса, балалар  соларға қарап, солардың тәлімін алып өседі деп ойлаймын. Балаларды мақтап отыру керек. Ұрып тәрбиелеуге  өте қарсымын.  Мысалға мен де кемшілік жасағаным үшін басшымыз тоқпақтағанын әрине мен де  ұнатпаймын. Ал, әсіресе қорғаусыз баланы қалай ұрасыз-айтыңызшы!

— Мемлекеттік тілді үйрену қызығушылықтан туды ма әлде қажеттілік болды ма?

Мен Университетте 2009 жылы  хореограф болып жұмыс істедім. Ондағы жиналыстар қазақша өтті. Мұғалімдер де қазақтар болды, сондықтан да тілді үйренуім қажет  болды. Әрі онда өнер факультетін бітірдім. Сосын «Қазына» би тобында биледім.

-Қазақтың қандай мейрамдары ұнайды?

— Маған айт мейрамы ұнайды.  Қазақтың дастарханына жиі барамын. Тағамдары керемет. Бауырсағының дәмі, бешбармағы тіл үйіреді.

— Екі елдің  салт-дәстүрі бір-біріне ұқсас келе ме? Қалай ойлайсыз?

-Құран мен библия біріне-бірі ұқсайтынын айтқым келеді.  Ондағы жақсы ойлау, ғибрат сөйлеу,  қайырымдылық жасау,жақсылықтың атауы осы құранмен, библияда бірдей айтылады.  Үлкенге құрмет, кішіге көмек беру бәрі-бәрі екі елдің де парасаттылығын, зайырлығын көрсетеді. Екі елдің тағы бір ұқсастығы-ол ораза ұстау жағы ұқсас келеді. Біз де «пост» деп аталады.  Қазақтарда ораза 30 күн болса, ал бізде 40күн. Біздің айырмашылығымыз-жануардан жасалған астарды жемейміз.

— Шәкірттеріңізді қалай өзіңізге тарта білесіз?

-Бір рет түсіндіресің, ал кейбіреуіне  екі-үш, оныншы  рет айтқанда түсінеді. Кейбіреуіне айтып түсіндірсең, ал біріне көрсетіп  үйреткенді қағып алады. Мұнда балалар сангвиник, меланхолик, флегматик  болып бөлінеді. Меланхоликке айтып емес, қимылмен көрсеткенді тез түсінеді, ал сангвиниктер сөзбен түсінеді. Бас жағында барлық балаға оңай болмайды, жаттығулар шаршатады, кейіннен үйреніп, жаттығады. Олар сенен үміт күтеді, сондықтан оларға бәрін бересің. Ал конкурстарда ол саған берген бар-күш-жігеріңді қайтарады. Ал әдісім, шулағанда, суық  қабақпен үн қатамын,  концерттерге шықпайсыңдар десем болғаны,  ойланып қалады. Сондықтан да ұрудың да қажеті жоқ.

— Конкурстарда алдыңғы орынды иемдену үшін шәкірттеріңізді қалай тәрбиелейсіздер?

-Тек күнделікті дайындық, дайындық.  Алматы, Астанаға қыздарды апаратын кезде, бізде арнайы бағдарлама дайындалады.  Балаларды бірінші сергіту үшін қаланың көркем  жерлерін көрсетіп, қыдыртып, сейілтіп аламыз. Сосын ғана сайысқа психологиялық тұрғыда әңгіме жүргіземіз.  Бірге көп нәрсеге жетеміз,-деп бірлікке шақырамыз. Бірлік бар жерде тірлік бар емес пе! Сахнада адам өзін қалай ұстау керек, нені жасауға болады, болмайтын жақтарды айтып бүге-шүгесіне дейін түсіндіреміз. Қимыл өзі күнделікті жаттыққандықтан өздігінен әрекеттерді жасай береді, бет-келбетпен жұмысты жүргіземіз,   ештеңе ойламай,  сахнаға күлімсірей шығуына мән береміз. Талаптың тұлпарын мінген мықты, нағыз таланттары таудай өнерпаздар екенін қызыл сөзден бал жағып, қолдау көрсетіп, демеп отырамыз.  Әр ұлттың қызына өз тілінде сөйлеп, ұғындыруға тырысамыз. Үлкен сахна қыздарымызға оңай соқпайды. Сондықтан да үйірмеде    достарынан, ата-аналарынан құралған  көрерменді ұйымдастырып, концерт құрамыз. Ол бізде дәстүрге айналған. Жылына үш рет өз ұжымымызда өтеді. Ол арнайы театрларда, арнайы бағдарламамен, ертегі атауымен аталып, сахналанған көріністермен ұйымдастырылады. Себебі, сонда ізбасарларымыз үлкен сахнаға шығудың алдында  шыңдалып бабына   келеді.  Өйткені, ол жерде халықтың  көптігі, үміткерлерге қорқыныш әкеліп,  именуі мүмкін. Сондықтан да жарыстарда бізге көп күш-қайрат, ондай додаларға бірінші өзіміз психологиялық жағынан дайын болуымыз керек. Сонда шәкірттер ұстазына қарап, күш алады. Сонда олар да өздеріне  сенімді болады. Ең бастысы, бала өзіне деген сенімділігі жоғары  болғанда алмайтын қамал болмайды. Сондықтан да, қазір қыздар жоғары орындарды иемденіп келеді.

-Бимен ауруды жеңуге болады деп жатады?

-Би арқылы адамды көруге болады, ал қимыл-денсаулықты жақсартады, қан айналым жүреді, сосын  кейбір балалар тұйық болып келеді, осы жерде жүріп, ашылады. Қарым-қатынасы көпшілікпен жөнге келеді. Сөйтіп, ата-аналар осы үйірмеге келген соң, бала қатарластарымен араласуы үйлесім тапты  деп жатады. Міне, бидің көп пайдасы бар екенін көріп отырмыз.

«Би таңы» би мектебінің болашағы жөнінде осы өнер үйінің басшысы Ракова Ксения   ханымнан сұрайық:

  • «Би таңы» алғаш ашылғанда бұрынғы үйірмелерден өзгеше болуды

мақсат тұтты. Бұрынғы Кеңестік жүйе емес,  өнерге басқа қырынан, жаңа көзқараспен  ашу жоспарланды. Ол кезде бізді ата-аналарымыз  ән, би үйірмелеріне мәжбүрлеп қатыстыратын. Ал қазір біздің балалар бар ынта-шынтасымен өздері ата-аналарын сүйреп, масатыдай құлпырып келеді.

Біз шәкірттерімізге биді үйренуге  деген көңіл құшы артып, құнжың қағып  келетіндей мұрсат  жасап жатырмыз. Балаларды біз күнделікті жаттығу жасатып, қинамаймыз, кейде балғындарды мұражайға, саябақтарға апарып, серуендетеміз.  Ұл балаларды да аламыз,  дегенмен, олар ұзақ болмайды, спортқа кетіп жатады.  Төрт жастағы  ер балалар бар, олар қазір жаттығып жүр.

Біздің мақсатымыз-шығармашылық топқа бар жағдай жасалуы керек. Сонда олар бар күш-жігерін балаға салады.

«Би таңы» би мектебінде сұхбат жүргізіп жатқанымызда құмырсқадай қайнаған ата-аналар жинала қалсын. Бүлдіршіндерін ертіп үйірмеге келген аналары абыр-сабырға түсіп, балаларының киімін ауыстырып әбігерге түсіп жүр. Би мектебі   үш жастан он бес жасқа дейінгі балаларды қабылдайды екен.  Сонымен бір ата-ананы әрең дегенде әңгімеге тарттық:

Гүлжанар Сәбитқызы-ата-ана:

  • Біз барлық мұғалімдермен бала-шаға  жиналып,  демеушілерсіз-ақ жылына бір рет

шетелге өз  күшімізбен  сайыстарға қатысып, демалуға барамыз. Мәселен, балақайларымыз  Париж және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Бегущая по волнам» атты халықаралық конкурстардың гран-приін жеңіп алды. Сонымен қатар Астанадағы «Ақ көгершін» байқауынан 2-ші орынды, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде өткен «Әлем халықтарының ұлттық биі» халықаралық фестивалінен бас жүлдені иемденді. Би мектебінің ұжымына алғысымыз шексіз. Әр балаға бөлек-бөлек икем жасалынады. Сондықтан да шығар, бас жүлдені қанжығамызға қап-қап етіп байлап жатырмыз. Мен емес, қызым Әйгерім  мені итермелеп, қолымнан ұстап осында күнделікті жетектеп әкеледі. Қызығушылығы өте жоғары. Өйткені мұнда нағыз дүлдүлдің өздері, кәсіби жетекшілер үйретеді.  Әсіресе, осындай шет қаладағы додалардан ұстаздарымен бірге жеңіспен оралғанда, перзентімнің жүзі балбұл жайнағанын көріп, шаттыққа бөленемін. Ұстаздар мұнда әр ұлтқа өз тілінде түсіндіреді. Қазақша сөйлегенде жүрегіміз лүпілдеп, жайдары жүздері жылулық сыйлайды.

Біздің сұранысымыз бойынша  Ақсукентте, «Айналайын» бала-бақшасында филиалдар ашылды.

«Би таңы» би мектебінің екінші жетекшісі, бойдақ қызымыз Грибова Ирина Александрқызы болса, өзінің орыс қызы екеніне қарамастан, әзілдеп ойын былай жеткізді:

 

Қазақ жігіті сөз салса, тұрмысқа шығар едім

 

Мемлекеттік тілді қалай үйрендіңіз?

-Кез-келген адамға білім кедергі жасамайды.  Юкгу«В гостях у сказки»Көп білгеніміз өзімізге жақсы, әсіресе тілді білу  адам баласына өте қажет, әртүрлі тіл білсең, сол ұлттың салт-дәстүрінен де  құлағдар боласың. Әрине, барлық тілді білгенің өзіңе қызметіңде де өте  қажет болады емес пе! Қазақстанда тұрып, тілін білмеу әр ұлт үшін сын болады. Себебі, менің достарымның барлығы   қазақтар, олар маған қазақша сұрақ қояды, мен қазақша жауап беремін.

-Қазақ тілі сізге несімен ұнайды?

-17 жасымда Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскенде бірінші курс, қызықты студенттік өмір басталды, концерттер, конкурстар болды, құрбыларымның барлығы қазақтар болды, солармен тілдесу үшін  тілді үйренуге деген ынтам ашылды. Әрі өзім Қазақстанда тұратын болғандықтан, міндетті болдым. Көп сөзін түсінбедім,  шатасып алатынмын, мен қазақша сөйлеймін, достарым жалғауларын  қалай қою керек екенін үйретті, онша қиын болмады, көп әріптер бізде де қолданыста бар,  сосын мен әр сөзді  жаттауға тырысатынмын. Тіл жіңішке айтылады, сонысымен қызықты болды, ұнады, үйрендім.

-Тілді қалай әліпби бойынша үйрендіңіз бе?

-Жоқ, сөйлесу арқылы  үйрендім. Мен қазақша сөйлеймін, достарым қатесін түзейді.

-Қандай  сөз сізге оңай болды?

-Рақмет, сау болыңыз, саламатсыз ба! Сенің атың кім?  Ең  оңайы «Аялдама» деген сөз өте  жақсы ұнайтын еді.

-Ал қандай сөз қиынға түсті?

-Маған «ң» әрпінен айтылатын сөздер, мысалға «таң»  деген секілді сөздер айтуға оңай  соқпады.

-Қазақстанның болашағы туралы не  айтасыз?

-Қазақстанның болашағы туралы айтар болсам, Қазақстан гүлденіп, жақсы дамып келе жатыр, енді мұнан да дами түседі, халықтың тұрмыстық жағдайы жақсарып    келеді. Елбасымыздың сара саясатының арқасында халықтың   тыныштығы, достығы өзге елден қарағанда көш ілгері. Жұрт осыған тәубе етеді. Қазақстанның болашағынан үлкен үміт күтуге болады.

-Егер қазақ жігіті сізге  сөз салса, қазақ жігітіне тұрмысқа шығар ма едіңіз?

-Ия, әрине, дегенмен,  бұл жөнінде ойланбаппын. Алайда, ата-аналарымыз қарсы келмесе,  тұрмысқа шығар едім. Ал егер бір-бірімізді жақсы көріп, келіспеген жағдайда,  бір-бірімізді жақсы көретінімізді дәлелдеп,   шығар жол табар едік.

-Қазақтар туралы не айтасыз?

-Қазақ жұрты өте пейілі кең, қонақжай, көңілдері ақ, өзге ұлтты бауырына басқан жанашыр  халық болып есімде мәңгі сақталады.

-Қазақтың қандай салт-дәстүрін білесіз? 

-Мен тек білмеу ғана емес, беташар, сүндет тойларға қатысып,  қызыға тамашалағанмын. Әсіресе, бешбармақ тағамы көмей суырады. Маған қазақтың дастарқаны әрдайым әсем жайылып, қонақжайлылығы тәнті етеді. Әсіресе, қыз баласын қонақ деп, ананы қатты құрметтейтін халық. Анаңды Меккеге арқалап апарсаңда, қарызыңнан құтылмайсың деген сөзі жүрек тебірентеді.

Қазақ  жұртының  «құда түсу» салт-жоралғысы біздің де құда түсу салтына ұқсайды екен. Бізде де қызға сырға салуға жігіттің  ата-анасы келеді. Сосын  атасып, жігіт қызға жүзік салады, содан үйлену тойын белгілейді. Дегенмен,  егер қыз  рұқсатын бермесе, жігіттің әкелген жүзігін қабыл алмайды.

-Би сіздің өміріңізде қаншалықты орынға ие?

-Маған би үлкен биік шың әперді.  Бұл менің жұмысым. Мен билегенде дем аламын, рахат табамын, жаным жай тауып, қанатыммен ұшып, биікте самғап жүргендей күй кешемін. Өзімнің  сүйіп орындайтын жұмысымнан ләззат аламын. Әсіресе, қыздарым билеп, жетістігін көргенде, еңбегімнің еленгенін көріп, қуанып, төбем көкке жетеді.

-Би сізге не берді?

-Бұл менің біріншіден, табысым, қуаныш әкеледі, екіншіден, денем түзу, сұлу да сымбатты бойжеткенмін.

-Балалардың бидегі талғамы қандай?

-Балалар әртүрлі, біреуі   ұлттық,  біріне заманауи би ұнайды, халық биі ұнайды. Тобымда 100 бала бар.

-Балалар байқауға қанша уақытта дайын болады?

-Бір ай уақыт талмай еңбектенсе, мұратына жетеді.

 

 

Міне, би мектебі қаншама жастың талантын шыңдатып, өрісін өрлетуге ықпал жасап келеді. Қызығы мен шыжығы көп бұл өнер үйінде қазіргі таңда 350-ге жуық бала би өнерінің қыр-сырын меңгеріп келеді. Кейін мейіздей қатқан нағыз дүлдүл болып шығады. Олардан ұстаздары да көп үміт кетеді.  Шар болат шоқта жатып шыңдалады деген. Қаншырдай қатып, оқтаудай боп жараған қыздарымыз қазір «Тәуелсіздік күні» мерекесіне арналған концертке  дайындық үстінде. Міне, қимылдаған қыр асады деген осы шығар!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *