Топкапы сарайы

Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Түрік елінде көне замандардан жеткен жауһарлар жетерлік. Стамбул тарихи орындар мен қорғанға толы, ежелгі заман мен ислам мәдениетінің түйіскен бесігі. Әсіресе асыл жәдігерлер орталығы Стамбулда шеттен келгендер табан тірегісі келетін тарихи орындар мыңдап саналады. Солардың бірі – Топкапы сарайы.

 

Топқапы қамалы алтын мүйіс және Мәрмәр теңізі қиылысқан жерде ХV — ХІХ ғасырларда Осман империясының билігі кезінде салынған. 400 жыл бойы Топкапы сарайы Осман империясының резиденциясы болған. Дәл осы сарайдан 25 сұлтан ел билеген. Топкапы сарайы  700 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, ал ұзындығы 5 шақырым. Дәл осы сарайда танымал «Сұлтан Сүлейман» сериалы түсірілген.

20210329_100455

Топкапы түрікше «Зеңбіректі қақпа» деген мағынаны білдіреді екен. 1923 жылы ресми түрде мұражай атауы берілген.Топқапы музейінде 65 мыңнан астам жәдігер бар. Түрлі залдарға орналастырылған көне замандардан жеткен жәдігерлердің барлығының да құны жоғары. Османлы сұлтандары Меккені жаулап алғаннан қалған жәдігерлер де бар мұнда. Пайғамбардың шапаны мен табан ізінің қалыбы да осындағы мұражайда тұр.

20210329_102639

Атақты сарай 4 қақпадан және кішкентай ғимараттардан тұрады. Қамалдың ауласында тамаша бақ орналасқан. Күтімі де ерекше екені көрініп тұр. Алып шынар ағашының айналасына ерекше ағаштар, гүлдер отырғызылыпты. Қара суық қақап тұрса да көк майса жайқалып тұр мұнда.

20210329_110830

Патша әулетіне ас пісірген асханада тайқазандар тұр. Су құятын ыдыстарына дейін сол күйінше сақталған. Тағы бір залында ерекше ыдыстар көрмесі орналасқан.  Хрусталь, күміс және қытай фарфоры, жақұттан жасалған әсем ыдыстар, қасықтың неше атасы, құмыра, жез легендер, шарап құятын шәугім, ыдысқап, теріден жасалған дастархан, үлкен көлемді төре табақ та осында.

Қару жараққа арналған арнайы көрме залы бар. Мұнда қару жарақтың неше атасы тұр. Со заманғы жауынгерлердің киімдеріне дейін қойылған. Ал бірнеше карат жақұт көзі бар жауһар көпшіліктің көз құртына айналған. Оны кезінде бір адам тауып алып, үш күміс қасыққа айырбастаған екен. Бүгінде Топкапы сарайындағы ең құнды жәдігерлердің бірі.

Сағаттардың көрме залынан да жәй қарап өте алмайсыз. Мұнда ауқымды сағаттардан бөлек, кіп кішкене сағаттарға дейін тұр. Жарқ-жұрқ еткен дүниенің бәрі де нағыз хас шеберлердің қолынан шыққаны көрініп тұр.

Тек сұлтандар кіретін сарай болған. Ол жерде өзге ешкімді кіргізбеген. Сұлтандардың балаларына білім беретін бөлме, сүндетке отырғызатын бөлмелері бөлек бөлек болған. Топкапы сарайының аумағында, теңізге қараған тұсында орналасқан “Коньялы” мейрамханасынан Осман империясы падишахтарының асынан дәм тату бақыты бұйырды бізге.

Сұлтан Ахмет мешіті

Мәрмәр теңізінің жағасында, Сұлтан Ахмет ауданындағы Айя-София мұражайына қарама қарсы бетте орналасқан мешіттің аумағы өте үлкен. Айналасы өте әсем көркемделген. Кезінде атағы алысқа кеткен Сұлтан Ахметтің бұйрығымен салыныпты. «Көгілдір мешіт» деп те аталады. Өйткені қабырғалары Изник қаласында шығатын көгілдір керамикамен қапталған. Стамбулдың символына айналған Сұлтанахмет мешітін көру үшін дүниенің түкпір-түкпірінен ағылған туристер қаптап жүр мұнда.

Мешіт үлкен аумақты алып жатыр, бірнеше алаңдарға бөлініп, субұрқақтар салынған, әсем ағаштар отырғызылған.  Ғимараттың биіктігі 43 метрге жетеді. Стамбулдағы ең үлкен әрі көркем мешіт 1616 жылы ашылыпты. Мешіттің 6 мұнарасы бар. Төртеуі бірдей болғанымен, алдыңғы екеуі биігірек. Ол туралы да түрлі аңыздар көп. Ислам және әлем архитектурасындағы ұлы туындылардың бірі де бірегейі болып саналады.

Гүлжан Көшерова

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *