Ізгі лебізім мен алғысымды қабыл алыңыз!

Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, кенеттен келетіні өкінішті! Сол сәтте ақ халатты жандарға қолымызды созып, көмекке зәру боламыз. Сол қиын-қыстау кезде саған қол ұшын беретін ақ халатты абзал жандарды кейде түсінбей даттап жататынымыз да жасырын емес! Қайта  ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы мол болса екен деймін. Олардың еңбегін бағалаған дұрыс. Кейде отбасының жанынан табылмайтын, алтын уақыттарын науқасқа бөліп, кейде ұйқы көрмей, өмір мен өлімнің арасында араша түсетін, хас шеберлерге неге қолдау көрсетпеске! Қалай ойлайсыздар, үлкен жауапкершілікті арқасына жүк етіп арқалаған ақ халаттылар үшін қызметтері түсінгендерге оңай емес. Ал, сіз түсінер ме едіңіз?

Сонымен, жас болса да  алғысқа лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған қос тұлғаның есімін атап өтуді азаматтық парызым деп санаймын. Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері Қамбаров Әлібек Мырзаханұлы мен Лекеров Қуаныш Мұстафаұлының  еңбектері ерен. Аурухананың күнделікті күйкі тірлігі, үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға жасайтын ем-шаралар жүктеген ауыртпалықтарға қарамастан, олардың жымиып жүрістеріне қайран қаласың. Сірә, «Гиппократ» антын қабылдап, серік еткен сабырлы да салмақты ұстанымдары болар. Үстіне киген әппақ халаттары жүректері таза, пейілдері ашық, көңілдері кіршіксіз екеніне көзіңді жеткізгендей. Қысылғанда жәрдем беріп, қолынан келгенше ауру-сырқаудан айығуға себепкер болған,  бармақтарынан бал тамып тұрған азаматтарға  ризалығыңды қалай жеткізсең де орынды.

Ерен  еңбектеріңізге, шипалы  алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз  шексіз. Еңбектеріңіз  халыққа  қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін.  Сіздерді   7 Мамыр « Отан қорғаушылар»  мерекесімен  құттықтай отырып, отбасына амандық, дендеріңізге саулық,  күш-жігер, баянды бақыт пен  жаңа табыстар тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің  арқасында  биік асулардан  көріне  беріңіздер  деген тілегімді  білдіремін.

 

 Құрметпен:  Абдіхалық Мырзаев-

Шымкент қаласының тұрғыны

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *