«Қыз-қонақ»

Қазақ елі ықылым заманнан  «қыз қонақ» деп перизаттарын  құрметтеп, қастерлеп төрден орын берген. Ал, бұл күндері кәмелетке толмаған осы балғын қыз баласының ең тәтті бал шағында алданып,  ерте жүкті болып қалуы  жұртшылықты қатты алаңдатып отыр.

Осы күрмеуі шешілмеген күрделі мәселені Шымкенттегі Қазақстан халықтар Достығы университетіндегі студент қыздар апа-әпкелерімен  бөлісіп, шешу жолдарын іздеді. Ортаға түскен бұл  сауалдың жауабын табу үшін, ерте жүктіліктің зиянды себептері сөз болды. Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің  «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткізілген бұл кездесуде  жастар өз ойларын білдіріп,  алдын-алу мақсатында ең басты интернет желісіндегі тұрпайы суреттер мен бейнелердің  жастарға кері әсерін беріп жатқанын жасырмады. Ашықтан-ашық көрсетіліп жатқан суреттер мен видеолардан,  балаға саналы тәрбие беріп жатқан жоқпыз,-деді ОҚО Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының гинеколог маманы Г.Жанғасиева. Психологтар да бұл мәселе ең өзекті проблеманың бірі екенін, бармақ тістеудің ең алғашқы  көріністері орын алып жатқанда, оны  ертерек жою жағын алға тартты.    Университет ұжымы да өз кезегінде    студенттеріне мұндай пайдалы іс- шаралардың жиі өткізілуіне аса мән берілетінін айта кетіп,  мамандарға алғысын білдірді.

Дөңгелек үстел барысында  аталған «Жастар ресурстық орталықтың» маманы Қ.Керімбай да өз пікірін саралап, түйінді тарқату үшін  гинеколог пен психолог мамандардың кеңестеріне тоқталды. Жыныстық өмірдің мазмұны мен зорлық-зомбылық жөнінде кеңінен түсіндірілген бұл шарада ата-ананың баламен арасындағы қарым-қатынасы аса маңызды екенін тілге тиек етті.

Осы мәселеге қатысты басқа да әр саланың мамандарын  тарту жағы да қозғалды.

Ал, келесі жиынға жастардың әке-шешелері шақырылып, олардың да пікірі басты назарға алынатын болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *