ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ЕЛІМІЗДЕГІ 86 УЧАСКЕДЕ ДАУЫС БЕРУ БІР САҒАТ ЕРТЕ БАСТАЛАДЫ

18 қараша 2022

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ЕЛІМІЗДЕГІ 86 УЧАСКЕДЕ ДАУЫС БЕРУ БІР САҒАТ ЕРТЕ БАСТАЛАДЫ

20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауы кезінде еліміздегі 86 учаскеде дауыс беру 1 сағат бұрын басталады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты.

«Өкілеттіктерге сәйкес, сайлау заңнамасында көзделген тәртіппен тиісті аумақтық комиссиялары дауыс беруді бастаудың өзге уақытын белгілеу жөнінде шешім қабылдады. Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларынан ұсынылған жедел мәліметтер бойынша тиісті аумақтық комиссиялардың шешімдерімен 86 сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06.00-де басталады. Қала құраушы кәсіпорындардың ауысымдық жұмыс кестесі ескеріледі. Оның ішінде 47-сі азаматтардың уақытша болатын жерлеріндегі учаскелер», - деді ол ОСК отырысында.

Оның атап өтуінше, сағат 20.00-ге дейін дауыс берудің аяқталу уақытын белгілеу бойынша шешімдер қабылданған жоқ.

«Әскери бөлімдерде, стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерде, алыс және жету қиын аудандарда, шалғайдағы мал шаруашылығы учаскелерінде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау орындарында, сондай-ақ Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан құрылған 514 учаскелік сайлау комиссиясы тізіміне енгізілген барлық сайлаушылар дауыс берсе, кез келген уақытта дауыс беру аяқталды деп жариялана алады», - деді Нұрлан Әбдіров.